UMC-де операциялық медициналық мейіргерлердің VI симпозиумы өтті | Корпоративный фонд "University Medical Center"

UMC-де Халықаралық операциялық мейіргерлер күніне орай операциялық медициналық мейіргерлердің VI симпозиумы өтті. Аталған іс-шара еліміздің түкпір-түкпірінен келген мамандарды біріктіріп, денсаулық сақтау жүйесіндегі мейіргерлік қызметтің маңызды рөлін тағы бір мәрте айқындаған ауқымды кәсіби алаңға айналды.

Симпозиум тәжірибе алмасуға, мейіргерлік істің заманауи стандарттарын, хирургиялық команда құрамындағы операциялық мейіргердің рөлін талқылауға, сондай-ақ хирургиялық көмектің сапасы мен қауіпсіздігін арттыруға бағытталған өзекті мәселелерді көтеруге мүмкіндік берді.

Баяндамалар барысында медициналық ұйымдардың экологиялық жауапкершілігіне ерекше назар аударылды. Қатысушылар клиникаларда ресурстарды ұтымды пайдалану, су мен электр энергиясын үнемдеу, экологиялық жүктемені азайту және күнделікті медициналық тәжірибеде экологиялық жауапты көзқарасты қалыптастыруға бағытталған UMC Go Green бастамасын енгізу мәселелерін талқылады.

Бағдарламаның маңызды бөлігін тәжірибеге бағытталған баяндамалар құрады. Онда операциялық медициналық мейіргерлер пациенттерге операцияға дейінгі және операциядан кейінгі күтім жасау, операциялық және операциядан кейінгі жараларды жүргізу мен өңдеу ерекшеліктері, сондай-ақ хирургиялық құралдарды сақтау, стерилизациялау және пайдалану бойынша өз кәсіби тәжірибелерімен бөлісті. Сонымен қатар қауіпсіздік стандарттарын, асептика мен антисептика талаптарын сақтау және операциядан кейінгі асқынулар қаупін төмендетудегі мейіргерлік персоналдың рөлі кеңінен талқыланды.

Симпозиумға онлайн және офлайн форматты қоса есептегенде барлығы 583 маман қатысты:

 • онлайн форматта – 60 қатысушы;

 • офлайн форматта – 262 қатысушы;

 • өңірлерден – 106 қатысушы;

 • Астана қаласынан – 186 қатысушы.

Симпозиум операциялық медициналық мейіргердің хирургиялық команданың ажырамас бөлігі екенін тағы бір мәрте көрсетті. Оның кәсіби шеберлігіне пациент қауіпсіздігі, операциялық залдағы үйлесімді жұмыс және хирургиялық емнің сәтті нәтижесі тікелей байланысты.

Мұндай кәсіби кездесулер мейіргерлік істі дамытуға, кәсіби қауымдастықты нығайтуға, мамандардың құзыреттілігін арттыруға және операциялық медициналық мейіргерлердің денсаулық сақтау жүйесіне қосқан үлесін мойындауға зор үлес қосады.

Запись на кт/мрт