Ұлытау медицинасы тарихында жаңа парақ ашылды: «Жезқазған медициналық орталығы» ЖШС-де University Medical Center мамандары ашық жүрекке алғашқы — аортокоронарлық шунттау отасын сәтті жасады.
Бұл маңызды оқиға UMC бастамасымен, өңірлерде кардиохирургияны дамыту және жоғары технологиялық медициналық көмекті халыққа ірі қалаларға бармау үшін қолжетімді ету мақсатында жүзеге асты.
Отаға ҚР ҰҒА академигі, медицина ғылымдарының докторы, әлемдік кардиохирургияның жетекші сарапшыларының бірі, UMC Басқарма төрағасы Юрий Пя жетекшілік етті. Ол және оның тобы 60 жастағы әйелге және 52 жастағы ер адамға сәтті ота жасады.
Операциялардан кейін Юрий Пя аймақтық кардиохирургиялық қызметті дамыту — сапалы медициналық көмектің қолжетімділігін арттырудың басты жолы екенін атап өтті: «Біз медицина пациентке жақын болуы керек деген қағидатпен жұмыс істейміз. Жоғары білікті көмек қаншалықты қолжетімді болса, Қазақстан соншалықты дамыған болады».
UMC алдағы уақытта да астанада ғана емес, еліміздің барлық өңірлерінде кардиохирургияны дамыту мақсатында оталар жасап, жергілікті мамандарды оқыту жұмысын жүйелі түрде жалғастырады.

