Бүгін Астанада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев барған медициналық мақсаттағы бұйымдар шығаратын елордалық кәсіпорындар көрмесінде донорлық органдарды сақтау, емдеу және тасымалдауға арналған инновациялық жүйе таныстырылды.
Елордада өткен көрмеде қазақстандық кәсіпорындардың ғылыми әзірлемелері мен медициналық технологиялары ұсынылды. Солардың бірі — ALEM (Astana Life Ex-situ Machine) деп аталатын инновациялық құрылғы. Бұл жүйе донорлық мүшенің ағза сыртында 24 сағаттан астам уақыт бойы қызметін сақтап тұруға мүмкіндік береді. Құрылғы температура, қысым, қан құрамындағы газ концентрациясы және басқа да негізгі физиологиялық көрсеткіштерді бақылайтын сенсорлармен және мониторинг жүйесімен жабдықталған.
Бұл ғылыми жаңалық пациенттер, дәрігерлер және жалпы денсаулық сақтау жүйесі үшін тың мүмкіндіктер ашады. Енді трансплантологтар мүшені мыңдаған шақырымға тасымалдап, ота алдында оның жай-күйіне диагностика жүргізе алады. Бұл сәтсіз оталардың тәуекелін төмендетіп, ағза сыртында мүшені емдеуге және қалпына келтіруге жол ашады. Соның нәтижесінде трансплантацияға жарамды донорлық материалдар саны артады.
Қазақстандық инженерлер мен UMC «Жүрек орталығы» мамандары бірлесіп жасаған бұл бірегей жүйені жобаның жетекшісі Юрий Пя таныстырды. Оның айтуынша, биылғы мамыр айында жалпы аумағы 3 000 шаршы метрді құрайтын құрылғыны құрастыру зауытының құрылысы басталды. Зауытты 2026 жылдың маусым айында іске қосу жоспарланып отыр.
ALEM құрылғысының сериялық өндірісі қазақстандық клиникаларды отандық құрылғылармен жабдықтауға және шетелдік баламаларға тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар зауытта трансплантологияда қолданылатын шығын материалдар, пластик вакутейнерлер (қанға арналған пробиркалар), биоматериалдарды сақтауға арналған контейнерлер мен дренажды банкілер, диагностикалық модульдер және медициналық экожүйені кеңейтуге арналған цифрлық компоненттер де шығарылады. Барлық құрамдас бөлшектер мен құрылыс материалдары қазақстандық өндірістен болады.
Жаңа өндіріс орны 35 жұмыс орнын ашып, университеттер, инженерлік зертханалар мен клиникалық зерттеулер үшін оқу орталығы ретінде де қызмет атқарады. Сонымен қатар зауыт қызметінен түсетін барлық табыс ғылыми жобаларды дамытуға, ALEM сынды инновациялық шешімдерді қолдауға және «Heart Center Foundation» қоғамдық қоры жүзеге асыратын кардиохирургия, кардиология және трансплантология саласындағы ағартушылық және білім беру жобаларын іске асыруға бағытталады.
Айта кетейік, 2025 жылдың сәуір айында ғылыми жобаның жетекшісі әрі Қордың құрылтайшысы Юрий Пя UMC «Жүрек орталығының» кардиохирургтар командасымен және инженерлермен бірге қазақстандық әзірлемені Жапонияның Осака қаласында өткен Дүниежүзілік Expo 2025 көрмесінде жеке өзі таныстырған болатын.
Мемлекет басшысы көрмені аралау барысында отандық фармацевтика өнеркәсібі мен медициналық бұйымдар өндірісін дамытудың маңыздылығын атап өтті.


