University Medical Center-дегі Білім күні | Корпоративный фонд "University Medical Center"

Күздің алғашқы мерекесі – Білім күні де келіп жетті. 2023 жылдың 1 қыркүйегінде UMC Ана мен бала орталығында оқушылар үшін жаңа оқу жылы атап өтілді. Осы шара аясында UMC Ана мен бала орталығына ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова ресми сапармен келді. Клиника пациенттеріне айтылған  құттықтауында ол «Бүгін үш миллион бала мектепке барды. Дертпен күресіп жүріп, жігері бар, оқуға құштар осындай балалар барын мақтан етемін, барлықтарың да оқу озаты болатындарыңа, өз мектептеріңе қайта оралатындарыңа сенімдімін. Сендермен алдағы уақытта кездескен кезде, әрқайсысың жеңімпаз екендеріңді білетін боламын. Барлық салада да жеңімпазсыңдар!» деді.

Қазіргі уақытта Орталықта көптеген балалар стационарлық ем қабылдап жатыр, солардың арасында онкогематологиялық ауруға шалдыққан науқастар, диализдік ем қабылдайтын және ағза трансплантациясынан кейінгі балалар бар.

Қазақстанда онкологиялық ауруларға шалдыққан 4400 бала есепте тұр. Олардың көпшілігі ауыр деңгейдегі лейкозбен ауырады. Біздің елімізде жоғары дозалы химиялық терапия, таргетті иммундық терапия, сүйектер мен буындарды эндопротездеу, сүйек кемігін аутотрансплантациялау сияқты онкологиялық ауруларды емдеудің жаңа әдістері зерттеліп, тәжірибеде қолданылып келеді. 2012 жылдың сәуірінен бастап UMC-де алғаш рет сүйек кемігін аллогендік трансплантациялау басталды.

UMC Басқар төрағасы Юрий Пя: «Ең алдымен Білім күнімен құттықтаймын! Бұл әр адамның өміріндегі маңызды кезең. Бүгінде адамзат атаулы қол жеткізген әр технология мен білімді осы жерде тәжірибеге енгізетін боламыз. Дәл қазір осы жерде тұрған балалар болашақта армандарына жетсін. Біреулеріңіз бұл жерде профессор, доктор немесе клиниканың басқа да бір маманы ретінде де келетін күнге жеткенде, бүгінгі күнді күліп еске алатын болайық».

Балалар клиникада ұзақ уақыт бойы емделуіне байланысты, UMC Ана мен бала орталығында негізгі пәндер бойынша мектеп жасындағы балаларға арналған сабақтар өткізілетін арнайы оқу сыныбы бар. Орташа есеппен жылына 146 бала Орталық қабырғаларында білім алады.

ҚР Оқу-ағарту министрлігінің бағдарламасына сәйкес, оқушылардың алған бағалары мектептерге жіберіледі және тоқсанды/сыныпты бітіріп, білім алғаны туралы сәйкес құжат ала алады.

Тамара Дүйсенованың ресми сапары аясында UMC Ана мен бала орталығында ем алып жатқан балалармен және клиника басшылығымен кездесу өтті. Іс-шараға ҚР Оқу-ағарту Министрі Ғани Бейсембаев пен Денсаулық сақтау вице-министрі Вячеслав Дудник қатысты. Білім күніне орай Орталық кітапханасына мектеп оқулықтары мен кітаптар сыйға тартылды. Сапар соңында балаларға арналған мерекелік жиын өтіп, онда кішкентай бүлдіршіндерге жаңа оқу жылына сәттілік пен мықты денсаулық тіледі!

Запись на кт/мрт