2022 жылғы 8 шілдеде «University Medical Center» корпоративтік қорында бір мезгілде 4 операциялық бөлімде елімізде алғаш рет балаларға айқаспалы бүйрек трансплантациясы жасалды. Донорлар балалардың аналары болды.
Еліміз үшін бірегей операция жалғасты бірнеше сағатқа созылды. Оған республиканың жетекші хирургтары: Айнақұлов А., Иманбердиев Ж., Әбдімәжитов Б., Тасжүреков А., Құттымұратов Ғ. және Фальк И., Медарова Ж., Есембекова К., Казбакова Г. сияқты операциялық мейіргерлер қатысты.
Айқаспалы трансплантациялаудың мәні мынада: егер пациентке донор туысы медициналық көрсеткіштер бойынша сәйкес келмесе, осындай дерті бар басқа отбасыдан донор таңдалады. Яғни, бір отбасы доноры басқа пациентпен сәйкес келсе, трансплантация сәтті жүзеге асырылады. Мұндай күрделі отаны кеңінен қолдану ағзасын ауыстыруды қажет ететін көптеген адамның өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді.
«University Medical Center» корпоративтік қорында операцияларды дайындау және жүргізу бойынша өте ауқымды жұмыс кәсіби жоғары деңгейде атқарылды. Операцияға қатысқан барлық маманға зор алғыс айта отырып, ұйымшыл команда құрамында зор табысқа жетіп, еңбектері жемісті болуын тілейміз.