COVID-инфекциясын жұқтырып, емделіп шыққан пациенттерді зерттеу және оңалтуға арналған ғылыми жоба жөнінде | Корпоративный фонд "University Medical Center"

Әлемдік деңгейде жүргізілген зерттеулер және COVID-инфекциясын жұқтырып, емделіп шыққан пациенттерді қадағалау нәтижесінде қатерлі індеттің жүрек-қан тамырларын, жүйке жүйесін және ағзадағы өзге де жүйелерді асқындырып, COVID-ке қатысты түрлі жағдайлар туындататыны анықталды.       

Осыған байланысты Жүрек орталығы, «UMC» корпоративтік қорының Республикалық диагностикалық орталығы және National Laboratory Astana бірлесіп, COVID-инфекциясын жұқтырып, емделіп шыққан пациенттерді зерттеу және оңалту жөніндегі ғылыми жобаны жүзеге асырмақшы.  

Сонымен қатар, жоба мақсаты – дерт барысын және постковидтік синдром ерекшеліктерін зерттеу.  

Жуырда постковидтік синдром байқалған пациенттер үшін Жүрек орталығында Check-Up қызметін ұсыну жоспарланып отыр. Аталған жобаға қатысуға ниет білдірген кез-келген пациент зерттеуден өтіп, эндокринолог, кардиолог сияқты мамандардың кеңесін ала алады. Қажет болған жағдайда «UMC» корпоративтік қоры Республикалық диагностикалық орталығының бейінді мамандарының тексеруінен өтеді.   

Сондай-ақ, «UMC» корпоративтік қорының Республикалық диагностикалық орталығында 10 күндік оңалту шараларынан өту мүмкіндігі қарастырылатын күндізгі стационар ашылады.

Жазбаша келісімге қол қойған жағдайда пациенттің мәліметтері мен параметрлері, сараптамаларының нәтижелері мен қан үлгісі ауқымды ғылыми зерттеу жүргізу үшін қолданылатынын айта кету керек. Бұл мамандарға зерттеп, аурудың жаңа факторларын және ықтимал емдеу әдістерін анықтауға мүмкіндік береді.   

Запись на кт/мрт