2021 жылғы 29 сәуірде “UMC” корпоративтік қорында балалардың 100-ші мерейтойлық бүйрек трансплантациясы сәтті өтті.
Орталықта бүйрек трансплантациясы 2012 жылдан бері жасалады. Осы уақыт ішінде урологтардан, нефрологтардан, диализ дәрігерлерінен, реаниматолог-анестезилогтардан, психологтардан, үйлестірушілерден тұратын мықты мультидисциплинарлық команда қалыптасты. 2015 жылдан бастап Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығында балаларға қайтыс болған адамдардан бүйрек трансплантациясы жасалады.
Бүйрегі ауыстырылған ең кішкентай балаға 3 жас 6 ай, салмағы небәрі 10,5 келі болған. Отандық мамандар жасаған бүйрек трансплантациясының нәтижелері әлемдік клиникалармен бірдей. Мүшелері трансплантацияланған балалардың өмір сүру деңгейі Еуропадағыдай. Бүгінгі таңда бұл көрсеткіш 94,4% дейін жетеді.
«Балаларды операцияға дұрыс дайындау ғана емес, сонымен қатар Нефрология және диализ бөлімінде өтетін операциядан кейінгі емдеу өте маңызды. Осыған байланысты біздің мамандарымызға: бөлімше меңгерушісі Нығматуллина Назым Бақытбекқызына, аға ординатор Рахымжанова Салтанат Сағындыққызына және дәрігер-эфферентолог Исақов Самат Ерғалиұлына зор алғысымызды білдіреміз. Ересектер реанимация-анестезиология бөлімінің меңгерушісі Мустафинова Гүлнәр Төлеуханқызына және командасына; Балалар реанимациясы және анестезиология бөлімінің меңгерушісі Сапаров Асхат Ишинғалиұлына және командасына; дәрігер-анестезиолог Манайбекова Жазира Акбарқызына; хирургтер Дулат Ахметқалиұлы Мұстафиновке, Ғани Мұратұлы Құттұмұратовқа және барлық урологтарға; бүйрек трансплантациясына қатысқан медбикелер мен анестезиологтарға зор алғыс білдіреміз. Қазақстанда балалар трансплантологиясын бас ұйымдастырушы және үйлестірушілері – Алтынова Венера Қанапияқызы және Хирургия департаментінің директоры, медицина ғылымдарының докторы Дженалаев Дамир Болатұлы», – Урология және бүйрек трансплантациясы бағдарламасының меңгерушісі, медицина ғылымдарының кандидаты Айнақұлов Ардақ Жақсылықұлы.
Бүгінгі таңда “UMC” корпоративтік қоры осы технология бойынша Қазақстандағы жалғыз орталық. Отандық мамандардың емнің осы күрделі түрін меңгеруінің арқасында қазір бүйрек пен бауырды транплантациялауға мұқтаж балаларға шетелдік клиникаларға барудың қажеті жоқ.