«UMC» корпоративтік қорының Басқарма Төрағасы, Қазақстанда ғана емес бүкіл әлемге танымал кардиохирург-дәрігер Юрий Владимирович Пя «QURMETTI DÁRIGER» атағына ие болды.

Медицина қызметкерлері мен медициналық ұйымдарды денсаулық сақтау саласындағы ерен еңбегі, сондай-ақ Қазақстанда COVID-19 коронавирусы пандемиясымен күреске қосқан зор үлесі үшін көтермелеу мақсатында құрылған «HALYQ QURMETI-2020» жүлдесін тағайындау жөніндегі Сарапшылар кеңесі осындай шешім шығарды.
Лауреаттарды таңдау ашық және адал болуы үшін іріктеу шарасы бірнеше кезеңде өткізілді. Алдымен, www.halyqqurmeti.kz сайтында өтінімдер қабылданып, ашық дауыс беру ұйымдастырылды. Және ол БАҚ-та кеңінен жарияланды. Екінші кезеңде құрамына медициналық қоғамдастықта үлкен беделге ие тұлғалар енген жүлденің арнаулы Сарапшылар кеңесі дауыс берді. Онда әр лауреаттың пандемиямен күреске қосқан үлесі ескерілді.
«UMC» корпоративтік қорының Басқарма Төрағасы Юрий Владимирович Пя мырзаны медицина саласындағы ерекше еңбегі және COVID-19 пандемиясымен күреске қосқан үлесі үшін “QURMETTI DÁRIGER” жеке номинациясы мен атағына лайықты деп тапты. Юрий Владимирович еңбегін жоғары бағалағаны үшін алғысын білдіріп, ақшалай сыйлығын қайырымдылыққа жұмсап, елімізде кардиохирургия саласын жетілдіруге бағытталған «Жүрек орталығы» қорына аударатынын мәлімдеді.