Бүгін «University Medical Center» корпоративтік қорының Басқарма Төрағасы Юрий Владимирович Пя Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығына және Республикалық диагностикалық орталыққа барды.
Қор құрамына кіретін медициналық орталықтарда Төрағаға мекемелердің ағымдағы қызметі мен болашақ жоспарлары туралы ақпарат берілді. Қызметкерлермен әңгіме барысында Юрий Пя алда тұрған жаңа міндеттер туралы айтып берді. «University Medical Center» корпоративтік қорының клиникалары арасында интеграцияны тереңдету, озық медициналық технологиялар, заманауи ауруханалық менеджмент және халықаралық сапа мен қауіпсіздік стандарттары негізінде отандастарымызға және шетел азаматтарына кең ауқымды медициналық қызметтер ұсынатын академиялық медициналық орталық құрудың маңыздылығын ерекше атап көрсетті.
«University Medical Center» корпоративтік қоры Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығы, Республикалық диагностикалық орталық, Балаларды оңалту ұлттық орталығы, «UMC» корпоративтік қорының Қызылорда филиалы сияқты еліміздің жетекші медициналық орталықтарын біріктіреді. Қор «Назарбаев Университет» ДББҰ Қамқоршылық кеңесінің шешімімен 2015 жылғы 20 қыркүйекте «Ұлттық медициналық орталық» АҚ еншілес ұйымдары базасында құрылды. Қордың барлық клиникаларына денсаулық сақтау саласында аккредитациялаумен айналысатын халықаралық беделді JCI ұйымының «Сапаның алтын белгісі» берілген.
«UMC» КҚ Баспасөз қызметі
Тел: 8-7172-69-25-13