
Қазақстанға жұмыс сапары аясында «Татарстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Республикалық балалар клиникалық ауруханасы» мемлекеттік автономдық денсаулық сақтау мекемесінің (бұдан әрі – РБКА) делегациясы «UMC» корпоративтік қоры мен клиникаларында болды.

Қорда қонақтарды «UMC» корпоративтік қорының Басқарма төрағасы, профессор Жұмаділов Жақсыбай Шаймарданұлы қабылдады. Әңгіме барысында Қор жетекшісі ұйымның қазіргі қызметі мен даму перспективалары жөнінде әңгімеледі. Оның ішінде «UMC» корпоративтік қорын Академиялық медициналық орталық ретінде трансформациялау барысын айтып берді. Бүгінгі таңда аталған бағытта алғашқы қадамдар жасалды: медициналық қызметтің бейініне сай стационарлық және амбулаториялық көмек бөлімшелерін біріктірген алғашқы клиникалық академиялық департаменттер құрылды. Зерттеу қызметін дамыту мақсатында Назарбаев Университеті Биомедициналық кеңесі құрамында еліміздің жетекші мектептері, институттары мен клиникаларымен тығыз ынтымақтастық орнатылып, белсенді жұмыстар атқарылуда. Корпоративтік менеджмент жүйесін жетілдіру, тиімділікті арттыру үшін жекелеген қызметтерді орталықтандыратын басқарудың жаңа ұйымдастырушылық құрылымын енгізу сияқты жұмыстар жүргізілуде.
Сосын делегация мүшелері Қор клиникалары: Балаларды оңалту ұлттық орталығында, Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығында және Республикалық диагностикалық орталыққа барып, халықаралық стандарттарға сай жоғары технологиялық медициналық қызмет көрсетілетін бөлімшелердің жұмысымен танысты. Өзара ынтымақтастықтың бағыттары мен перспективалары, оның ішінде Қор клиникалары мен РБКА арасында тәжірібе алмасу жайын талқылады.