Еуропалық Жүрек Жеткіліксіздігі Мектебі 2025: кардиологиядағы білім, тәжірибе және прогресс жөніндегі жаңа көзқарас Астана, 2025 жылғы 7–8 қараша | Корпоративный фонд "University Medical Center"

Елордада кардиология және кардиохирургия саласындағы жылдың ең ірi білім беру іс-шараларының бірі — «Еуропалық Жүрек Жеткіліксіздігі Мектебі 2025» өтті. Оған Қазақстаннан, таяу және алыс шетелдерден жетекші мамандар қатысты. Шара жұмысына кардиологтар, терапевтер, жалпы практика дәрігерлері, ХСН және VAD өңірлік үйлестірушілері, сондай-ақ мейірбике ісі өкілдері қатысты.

Іс-шара гибридті форматта ұйымдастырылды, бұл аудиторияның ауқымын кеңейтуге мүмкіндік берді:

  • 385 маман офлайн қатысты,
  • 588 қатысушы онлайн қосылды.

Өзекті тақырыптар мен бағдарламаның негізгі бағыттары

Алғашқы күн пленарлық отырыстарға арналды. Сарапшылар созылмалы жүрек жеткіліксіздігі (ЖЖ) бар пациенттерді жүргізудің заманауи тәсілдері туралы баяндамалар жасады. Талқыланған негізгі тақырыптар:

  • сол жақ қарыншаның шығарылу фракциясы сақталған ЖЖ ерекшеліктері;
  • ЖЖ мен созылмалы бүйрек ауруының байланысы;
  • NT-proBNP биомаркерінің клиникалық маңызы;
  • жүрек жеткіліксіздігін хирургиялық емдеу және клиникалық жағдайларды талдау.

Медикаментозды терапия мәселелеріне, кардиостимулятор имплантациясына, сондай-ақ сол жақ қарыншаның механикалық көмекші құрылғысы — LVAD қолдануға ерекше назар аударылды.

Жеке секция мейірбикелердің ЖЖ бар пациенттерді жүргізудегі рөліне арналды: күтім, асқынулардың алдын алу, психологиялық қолдау және хирургиялық емнен кейінгі оңалту кезеңдері.

Әлемдік статистикаға сәйкес, жүрек жеткіліксіздігімен 64 миллион адам ауырады. Қазақстанда 2025 жылдың 9 айында 102 600 пациент анықталған, бұл мәселенің өзектілігін айқындайды.

Практикалық бөлім және мастер-кластар

Мектептің екінші күні ЖЖ бойынша эхокардиографиялық диагностика мастер-класын және LVAD имплантациясы бойынша операцияны бақылау сессиясын қамтыды. Бұл сабақтарға өңірлерден 400-ден астам тыңдаушы қатысты.

8 қарашада UMC «Жүрек орталығы» базасында эхокардиография бойынша қосымша мастер-класс өтті:

  • 242 маман офлайн қатысты,
  • 70 қатысушы онлайн қосылды.

Мастер-кластар дәрігерлерге практикалық дағдыларды жетілдіруге және диагностика мен емдеудің жаңа технологияларымен танысуға мүмкіндік берді.

Халықаралық қатысу және кәсіби ынтымақтастықты кеңейту

Мектепке Қазақстан, БАӘ, Кипр, Сербия, Әзербайжан, Ресей, Литва, АҚШ, Италия және Грецияны қоса алғанда, 10-нан астам елдің сарапшылары қатысты.

Қатысушылар тәжірибе алмасып, соңғы ғылыми жетістіктерді талқылады және ESC 2025 жылғы еуропалық ұсынымдарын клиникалық практикаға енгізу мәселелерін қарастырды.

Арнайы секциялар: кардиоонкология және LVAD

Бағдарлама аясында кардиоонкология бойынша секция өтті, онда онкологиялық аурулар мен жүрек жеткіліксіздігі қатар жүретін пациенттерді диагностикалау, емдеу және мультидисциплинарлы жүргізу әдістері талқыланды. Тақырып ерекше қызығушылық тудырып, ғылыми бағдарламаның маңызды бөлігіне айналды.

Тағы бір арнайы секция терминалдық кезеңдегі ЖЖ бар пациенттерде LVAD қолдануға арналды. Сарапшылар клиникалық жағдайларды ұсынып, пациенттерді іріктеу критерийлерін, жүргізу ерекшеліктерін және мультидисциплинарлық тәсілдің маңыздылығын атап өтті.

Мейірбикелердің рөлі: командалық жұмысқа басымдық

Мейірбике ісі бойынша бөлімде пациенттердің жағдайын мониторингілеу дағдылары, медикаментозды терапияны бақылау, пациенттер мен олардың туыстарын ақпараттандыру, сондай-ақ мультидисциплинарлық команда жұмысындағы медбикелердің рөлі қарастырылды.

Ұйымдастырушылар

Мектептің ұйымдастырушылары:

  • Махаббат Сансызбаевна Бекбосынова — «UMC» ҚҚ Басқарма төрағасының орынбасары, «Қазақстан атеросклероз қоғамы» РҚБ Президенті, ҚР ДСМ-нің бас штаттан тыс кардиологы;
  • Салтанат Абдижанаповна Андосова — «Қазақстан жүрек жеткіліксіздігі мамандары қоғамы» РҚБ Президенті.

Ұйымдастырушылар шетелдік әріптестерге Қазақстанда және халықаралық деңгейде кардиология ғылымы мен практиканың дамуына қосқан үлесі үшін алғыс білдірді.

Қорытынды

«Еуропалық Жүрек Жеткіліксіздігі Мектебі 2025» жүрек жеткіліксіздігін емдеудің заманауи тәсілдерін ілгерілетуге, халықаралық ынтымақтастықты дамытуға және кәсіби қауымдастықты нығайтуға арналған маңызды алаңға айналды. Іс-шара медициналық көмектің сапасын арттыруда және клиникалық практикаға озық ұсынымдарды енгізуде білім беру бастамаларының жоғары маңызын тағы бір мәрте көрсетті.

Запись на кт/мрт