25–26 қыркүйек күндері UMC Ана мен бала орталығында «Балалар онкологиясы – әлем көрінісінде: «Кішкентай науқастар – үлкен жеңістер»» атты халықаралық қатысушылармен Республикалық конференциясы өтті.
Іс-шара Қазақстан мен шетелдің жетекші мамандарын балалар онкологиялық ауруларын анықтау, емдеу және оңалту мәселелерін талқылау үшін біріктірді.
Конференция атауы оның басты идеясын айқындайды: онкологиялық диагнозды еңсерген әрбір бала – жай ғана пациент емес, ол – өзінің күшімен, табандылығымен және сенімімен шабыт сыйлайтын нағыз қаһарман. Балалардың жеңістері дәрігерлердің үйлесімді еңбегі, ата-аналардың қолдауы және кішкентай науқастардың батылдығы арқасында мүмкін болуда.
Конференцияның мақсаты – онкологиялық аурулары бар балаларға көмек көрсетудің тиімді жолдарын іздеу үшін мамандардың білімін, тәжірибесін және күшін біріктіру.
Онкогематологиялық қауымдастық – шын мәнінде бір үлкен, тату отбасы. Біз әрқайсымыз өз клиникамызда бөлек емдемейміз, біз оларды бірге емдейміз. Сондықтан мұндай конференциялар – пікір алмасу, кәсіби байланыстарды нығайту және ортақ ісіміздің даму бағытын айқындау мүмкіндігі. «Бұл Конференция – біздің жарқын, мазмұнды болашағымызға жасалған үлкен әрі сенімді қадам», – деді Мәскеу қ. Д.Рогачев атындағы Балалар гематологиясы, онкологиясы және иммунологиясы ғылыми орталығының гематология және жасушалық технологиялар кафедрасының профессоры Дмитрий Николаевич Балашов.
Іс-шараның негізгі міндеттері:
- тәжірибелік жетістіктер мен ғылыми жаңалықтармен алмасу;
- заманауи әдістер мен инновациялық технологияларды талқылау;
- халықаралық ынтымақтастықты дамыту;
- емдеудің және пациенттердің өмір сапасын жақсартуға бағытталған шешімдер әзірлеу.
Балалар онкогематология бөлімінің дәрігер-онколог гематологы Райгүл Нүсіпова:
«Біз басты сәттерге назар аудардық: ерте диагностика, терапияға жекелендірілген көзқарас, көпсалалы командалық жұмыс, балалар мен олардың отбасыларына психоәлеуметтік қолдау. Сондай-ақ, кешенді емдеудің ажырамас бөлігі болып табылатын нутритивті қолдау мәселелеріне ерекше мән берілді. Сонымен қатар, мейірбикелік жұмысты жетілдіру бағытында пікір алмастық, өйткені дәл осы мейірбикелер пациенттерге үздіксіз әрі сапалы күтім көрсетуді қамтамасыз етеді».
Қатысушылар дәл осы бағыттар алдағы жылдары балалар онкологиясының дамуын айқындайды және кішкентай науқастарға жарқын болашақ сыйлауға көмектеседі деген сенімде.
Сонымен қатар, Конференция аясында «Run for OncoKids» атты қайырымдылық жүгіру шарасы өтті. Оның мақсаты – онкологиялық аурулармен күресіп жүрген балаларды қолдау. Әр шақырым – күн сайын аурумен күресіп, бізге табандылықты, сенімді және үмітті үйретіп жүрген кішкентай қаһармандарға қолдау көрсетуге жасалған қадам.
Жиналған қаражат толықтай балалар мен олардың отбасыларын қолдауға жұмсалады: кішкентай науқастардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған жобаларды жүзеге асыру, сондай-ақ материалдық, моральдық және әлеуметтік көмекке мұқтаж отбасыларды қолдау. Жүгіруге қатысушылардың әрбір қадамы – үміт нышанына айналды. «Run for OncoKids» – бұл қолдау, қамқорлық және балалық шақтың ауыр сынақтарға қарамастан жарқын болатынына деген сенім.
