Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында бүгін, 2021 жылғы 15 желтоқсанда «UMC» корпоративтік қорында Республикалық диагностикалық орталық пен Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығы ғимараттарының арасын жалғайтын өткелдің ашылу салтанаты болып өтті.
Іс-шараға «UMC» корпоративтік қорының Басқарма Төрағасы Юрий Владимирович Пя, медициналық қызметкерлер, пациенттер және т.б. қатысты.
«UMC» корпоративтік қорының филиалдары ретінде қызмет етіп келген осы Орталықтар базасында клиникалық-академиялық департаменттер (КАД) құрылды. Мақсат – академиялық медициналық орталыққа айналып, денсаулық сақтау саласындағы білім, ғылым мен тәжірибенің басын қосу. Бұл бағытта нақты жұмыстар атқарылып, бүгінгі таңда амбулаториялық және стационарлық көмек көрсететін клиникалық бөлімшелерді біріктіретін 7 КАД жұмыс істейді. Олар: «Педиатрия», «Әйелдер денсаулығы», «Зертханалық медицина және патология», «Ішкі медицина», «Хирургия», «Радиология және ядролық медицина», «Анестезиология және қарқынды терапия» клиникалық-академиялық департаменттері.
Қамтитын ауқымы кең бұл Департаменттердің түрлі бөлімшілері қос ғимаратта орналасқан. Тиісінше, қызметкерлерге де, пациенттерге де екі арада далаға шығып баруға тура келетін. Әсіресе, жазда аптап ыстықта, қыста аязды күндері көптеген қолайсыздықтар туғызып келді. Енді өткел ашылған соң мәселе шешімін табады.
«UMC» корпоративтік қорын академиялық медициналық орталық ретінде транформациялау бағытындағы нақты шараның бірі болып табылатын қос ғимарат арасындағы өткелдің жалпы ауданы – 462 шаршы метр, ұзындығы – 120 метр. Кондиционер жүйесі орнатылған. Яғни, ауа температурасы мен ылғалдығын жылдың кез-келген уақытында қажетті деңгейде реттеп отыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, болашақта мұнда сурет галереясын ұйымдастыру жоспарланып отыр.
«UMC» корпоративтік қорында қызметкерлер мен пациенттер үшін қолайлы жағдай жасау бойынша жұмыстар болашақта да жалғасын табады.
«UMC» КҚ Баспасөз қызметі
8-7172-69-25-13, 8-701-766-65-20