Кішкентай пациенттер чемпиондармен кездесті | Корпоративный фонд "University Medical Center"

«UMC» корпоративтік қорының клиникасында емделіп жатқан кішкентай пациенттер ауыр атлетикадан әлемнің төрт дүркін чемпионы, әлем рекордын бірнеше мәрте жаңартқан даңқты зілтемірші Илья Ильинмен және күш өнерінен әлемнің бірнеше мәрте чемпионы, Гиннес рекордтар кітабына енген Сергей Цирюльниковпен кездесті.

Әлемдік жарыстардағы өнерлерін теледидардан және интернеттен талай мәрте көрген даңқты спортшыларды көріп, әңгімелеуге Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығының барлық бөлімшелерінде емделіп жатқан балалар мен ата-аналары жиналды.

 Илья Ильин өзінің балалық шағы, спорттағы алғашқы қадамдары мен жеңістері туралы қызықты етіп әңгімеп берді. Спорттық ғұмырындағы ең есте қалған жарқын сәттеріне тоқталып, балалар мен ата-аналарының сұрақтарына жауап берді.

Түр-тұрпатынан күш атасы екені анық көрініп тұрған Сергей Цирюльников те бар өнерін салды. Ол балалардың көз алдында темір шегелерді иіп, гүл, жүрек сияқты неше түрлі нысандар жасап, сыйға тартты. Табаны қағаз сияқты орап, қайтадан қалпына келтірді. Темір тағаны пластилин сияқты оп-оңай майыстырып, таңғалдырды.

Ең әсерлісі чемпиондардың балаларды жігерлендірген тілектері болды. Олар спортта жеткен жетістері де, залда көрсеткен керемет өнерлері де ауыр дертпен күресіп жатқан балалардың күш-жігерімен теңесе алмайтынын алға тартты. Және осы күресте міндетті түрде жеңіп шығатындарына сендірді.

Кездесу соңында балалар мен ата-аналары даңқты спортшылармен естелік суретке түсіп, алғыстарын білдірді.

Запись на кт/мрт